Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  107


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Алғыншым

Таңдайымда құсни сөйлеп Хақ тілі,
Маңдайымда жұпар аңқып Бақ гүлі,
Жүрегімнің иман тұнып пәктігі,
Тілегімнің үміт сыйлап тәтті үні –
Сүйдім сені, алғыншым!
Бақытымды аңсап құшқан кезімде,
Уақытымды тербеп іңкәр сезімде,
Ән-күйімнен әуен шалқып көзімде,
Әлдиімнен әуез толқып сөзімде –
Сүйдім сені, алғыншым!
Арманыма періштедей түн қатып,
Әруағыма ғашық дұға тыңдатып,
Көңілімді аппақ нұрмен сырлатып,
Өмірімді өлеңіммен шырлатып –
Сүйдім сені, алғыншым!
Пешенемнің мөрін басып аңсармен,
Көсегемнің шөлін басып кәусармен,
Мәңгі Иеме ауып тұрған аусармен,
Жан-Киеме шауық құрған әнсармен –
Сүйдім сені, алғыншым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу