Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  82


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Махаббат маусымы

Бес күндігім құбылған соң бес түрлі,
Жылап туған бақ-жұлдызым кеш күлді.
Толқымалы тағдыр кешіп жүр едім,
Өзің жақтан лүпіл-сезім естілді.
Жүрегіңмен сипай салсаң жұбантып,
Маңдайымнан шалықтайды нұр аңқып.
Бар болмысым құшағыңа сыйып тұр,
Сенсіз дүние кең демедім құмартып...
Жанарыңда құдірет бар мөп-мөлдір,
Жамалыңда жайнап жатыр көктем гүл.
Пәктігіңде періштелер шалқуда,
Хақ тілінде олар маған төккен дүр.
Құдай сені жазмышыма бұйырған,
Кеудемізге шексіз ғарыш құйылған.
Мына мезгіл бесінші бір маусымдай,
Ал махаббат қиысып тұр қиыннан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу