Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  109


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Зауық

Мынау алжасты заманда
Тас боп қатып жүрегім тоқтап қалды,
Еңірей берем неге-дүр жоқтап барды?..
Қонақ емес, тоналған жолаушымын,
Сағындым-ау жоғалған соқпақтарды.
Жылатудың шебері – сора-қайғы,
Жанарымнан дүниедей домалайды.
Жалыққан соң өңдегі күйбеңдерден,
Жыр жазамын түсімде мола жайлы.
Бұл өмірдің мысалы – Махшар-Қайым,
Ғарасатты қалайша жақсартайын?..
Өнген шөптей көктемнің батасынан,
Құдіреттен жарар ед тапсам пайым.
Аламаны шайтанның – нәйіс деген,
Қас-дұшпандық қылмаған жәй іспенен.
Ет пен тері арасын жел кеулесе,
Перендердің қолдауын райыс көрем.
Ұлықсаттың шырағы жанса парлай,
Ақиқатты сөйлермін таң сахардай.
Хақ Нәбидің пәк нұры – панаятым,
Озалында жаралдым аңсап Арды-ай.
Барым дермін Алланы, Бірім дермін,
Қаһарланса тәубе етіп дірілдендім.
Арттырармын бұйыртса дәрежемді,
Зікір зарлап жүрегім тірілген күн!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу