Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  84


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Крест пен ай

Сыртында емхананың – крест пен ай,
Ішінде – өмір-өлім күрескені-ай.
Адамдар кіріп жатыр, шығып жатыр,
Ауруға зор денсаулық тілескені-ай.
Басыма туды дейсің қай күлер күн,
Көңілден қарап тұрып қайғы бөлдім.
Шіркеудің төбесінен крест көрдім,
Мешіттің төбесінен айды көрдім!..
Сыртында емхананың – крест пен ай,
Ішінде – өмір-өлім тірескені-ай.
Адамдар келіп жатыр, кетіп жатыр,
Үміттің бір тұтанып, бір өшкені-ай.
Құдайым дерттің бетін әрі қылсын,
Өзіңді зорлап ішкен дәрі құрсын.
Жас болып мезгілімен бала жүрсін,
Қарт болып мезгілімен кәрі жүрсін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу