Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  123


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Құдіретті сөз

Мекен етіп ғарыштық тұман ішін,
Бір жақыным жүргендей, бір алысым.
Қарай берем елеңдеп түнгі аспанға,
Қимастарым бар онда, ұғамысың?
Олар жақтан жарқырап жұлдыз ағар,
Байқап қалам сол кезде мұңды жанар.
Жұлдыз нұры түнімен бетке тамып,
Ұятым боп күнімен мың қызарар...
Қимастарым дегенім – өлеңдерім,
Түнгі аспанға сондықтан елеңдедім.
Ақын болу маңдайға жазылмаса,
Бұл өмірге, кім білсін, келер ме едім?
Өлең тумас жүректен – ауырмаса,
Естілмейді дүрсілі сауында аса.
Жыр шыққанда майданға бес қарулы,
Тым-тырақай жөнелер жауым қаша...
Өлеңдерім дегенім – періштелер,
Пәктігімді шайтандар теріс көрер.
Аққан жұлдыз секілді жарқыл қағып,
Хақ кәләмді ақындар пейішке енер.
Өлмейді өлең, түспейді көрге мүлде,
Сәби құсап қалады ол жөргегінде.
Мәңгі ғұмыр салтанат құрар сосын,
Құдірретті Сөз аңқып жер-көгімде!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу