Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  88


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Оның өлеңі

Жеті қат аспан – төбемде,
Жеті қат сезім – өлеңде.
Бір тереңдігім – биікте,
Бір биіктігім – тереңде.
Кең ойып орын қақ төрден,
Кезбе ақын едім бақ терген.
Пәмділік құрдым кемді күн,
Пәнидің дәмін Хақ берген.
Тудырды мені мың жыл әр,
Түйсікке түпсіз мұң жұғар.
Жұлдыз ғып жасын ағызып,
Жанарымдағы түн жылар...
Қырық қат тылсым – аспанда,
Қырық қат тарих – дастанда.
Бір бостандығым – боданда,
Бір бодандығым – бостанда.
Күрсінге толып тұр кеудем,
Күрсіндім көне сүрлеуден.
Өмірде дым да білмеппін,
Өтермін бәлкім білмеумен.
Мың жылда тудым мың жырлап,
Мисыздай қайтем мылжыңдап.
Жұмаққа барар Алла деп,
Жаныммен бірге кіл жұмбақ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу