Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  72


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Антидот

Қараң қалды қараңғы елес, қара түн,
Көз жасым ғой жұлдызданып таматын.
Ноғай-Қазақ айрылғандай айрылып,
Бөлек ұшты жаным менен қанатым.
Содан бері шаһар кездім, күз кештім,
Ғайып болды көктем дейтін қыз кескін.
Кетеген бақ, қашаған жол жеткізбес,
Қисық-қыңыр тағдырымды тізбеспін.
Ұлы айқайым түсімде өлді тұншығып,
Дәруіштей еттім үнсіз құлшылық.
Бара жатыр тым алжасып уақыт,
Бара жатыр тым адасып тіршілік.
Түбі тесік шелек құсап таусылман,
Құдірет бар тұс-тұсымнан қаусырған.
Жазыламын құса-дерттен айығып,
Үр-Пейіштің самалы ескен даусыңнан.
Дейсің: неге кетті өлеңге тауаның,
Қойдың кеше Мүңкір-Нәңкір сауалын.
Ал мен бүгін жыр жазамын тағы да,
Жоқ өйткені саған берер жауабым.
Ренжімеші, дауалым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу