Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  119


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Жылдамдық

Сен қайда асықтың, Уақыт,
Мен жүрмін өзіңнен кешігіп:
Өмірді жек көріп, ұнатып,
Көңілді жел кеулеп есірік.
Маңдайдан ізіңді байқадым,
Көзімде – тұп-тұнық суретің.
Дүниеден бір күні қайтамын,
Жүректі қайтейін қу жетім.
Ғайыпқа бет алған зайғымын,
Жасаған жұмысым – ғапыл іс.
Өлең деп жазғаным – қайғы-мұң,
Жоқ шығар ақындай нақұрыс...
Сен қайда барасың, Уақыт,
Мен жүрмін өзіңнен адасып:
Өмірді жылатып, жұбатып,
Көңілді дұғалап қарашық.
Көшті ғой тәп-тәтті дәуренім,
Бұлт берді бақытты шағым да.
Арманға жете алмай әуремін,
Алданып бұлдырақ сағымға.
Бұл ғасыр – құрдасым, сырласым,
Атымыз, затымыз – мәңгілік.
Қайтадан бастаймын жыр басын,
Қайтадан кеудемде жанды үміт...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу