Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  90


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Ақындық элегия

Шын Өлеңді құндағыма баладым,
Менің өмірім Мәңгіліктің басы ғой...
Күрсінісім – сары қайғы, қара мұң,
Тылсым ішім – қоңыр түйсік, жасыл ой...
Пешенеме тағдырым боп әу баста
Сағыну да, зарығу да бұйырды-ау.
Шарап ішіп айналғанмын Сау Масқа,
Сайтанымнан айығуым қиындау.
Бүгін ұқтым қорқынышымды кешегі,
Сосын ыстық өксігіме жылындым.
Маңдайымның сорын көріп бес елі,
Ызыңдауын кеудемдегі Шыбынның!..
Кербез қала көз жасыма сенбеді,
Өзегімнен у ғана тұр тамшылап.
Шайыр болған Мендей ақымақ пендені
Сергелдеңге салады әлі сан сынақ.
Миымды өртеп шіліңгірі шілденің,
Төрт құбылам сіңіп жатыр сағымға.
Құр өкініш – жылағаным, күлгенім,
Шырғалаңнан шаршап бітті жаным да.
Бір Алланың құдіретіне табынып,
Ғұмырымды жырлау үшін жаралдым...
Қап-қараңғы жалқы түнді жамылып,
Мен өзімді Құс жолынан табармын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу