Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  107


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Шайыр

Айлы түнде – Айсоққан!..
Ойлы түнде – Ойсоққан!..
Дұға жолдап аспан жаққа дүр демі,
Жұлдыздана жарқырайды сүлдері.
Содан кейін ағыл-тегіл жылайды,
Қатар кешіп қаңтар менен шілдені.
Жанарында жетімдердің жасы бар,
Әр тамшыдан адал қайыр шашырар.
Маңдайынан періштенің нұры есіп,
Таңдайынан жырдың мөрі басылар.
Шаршатқанда қалаішіндік тіршілік –
Даланы аңсап отырады күрсініп...
Ақ параққа өлең үрлеп жатқаны –
Жаратқанға жасағаны құлшылық...
Лүпілдетіп жалғыздықты ділімен,
Жұпарлы сөз боратады тілінен.
Түйсіктеніп түпсіз қарашығы да,
Іздейді өзін өліден һәм тіріден.
Санасында ақырзаман жаңғырып,
Өлімін де күтеді екен паң күліп.
Нәзік жаны ғайыпқа ұшып кетеді,
Сорлы дүние қалады ғой мәңгіріп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу