Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  100


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Торығу түні

Бес күндік ғұмырым қайда асығады,
Бес уақыт намазға татымай?
Сабырсыз заманға жайғасып, әні,
Сайтандар сайран сап жатыр-ай...
Өмірден жол таппай сенделіп келем,
Өксікке өртетіп өзекті.
Қиын ғой пендеге пенделік деген,
Қайтейін, соқырдың көзі өтті.
Іздеймін өзімді басқа адам құсап,
Ізімді жасырып күлген ем.
Адасқақ арманым – тас қараңғы шақ,
Ай болып тумады түнгі өлең...
Түнектей қара жас көзімнен емес,
Тамады сөзімнен күрсініп.
Жанымда зар боздап бозінген-елес,
Жынымды келтірді-ау тіршілік.
Уытты мендік ой оп-оңай өлді,
У ішіп, суысып тынды ма?
Мұң жұтам жетімек ботадай енді,
Мылқаудың атынан шыңғыра...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу