Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  94


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қадір түнгі насихат

Түн біткеннің сұлтаны,
Ақиқаттың нұр-таңы,
Рамазан айында,
Жәрдем болар қайымда,
Жеті тозақ жоғалған,
Сегіз жұмақ қол алған,
Кәміл иман адамға –
Қадыр түні – жалғыз-ақ түн ғаламда!
Хақ Нәбиге түсірген соң Құранды,
Қабыл алар барлық арзу-дұғаңды.
От-шынжырмен байланады шайтандар,
Ажыратар сенім менен күмәнді.
Бұзарсың-ау қасіреттің қамалын,
Талап қылсаң Жаратқанның жамалын.
Ақыретте берері анық жемісін,
Баптап тұрсаң бұ дүнияның дарағын.
Бізге мәңгі аманаттап зайырды,
Әруақтардың қолы көкке жайылды.
Тағдырымыз жазылады Лауһыда,
Ол сондықтан мың айдан да қайырлы.
Мен сөзімді шығындаман наданға,
Түсінбесе – айналар деп харамға.
Періштелер жерге түсер біз үшін,
Ол сондықтан жалғыз-ақ түн ғаламда!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу