Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  93


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Паралогизм

Тыраулайды былдыр-былдыр ертегім,
Тұмаурайды бұлдыр-бұлдыр ертеңім!..
Көз ұшында қала берер қол бұлғап -
Келте ғұмыр, келте дәурен, келте күн!..
Қалшылымның таңдайына тамып шық,
Қап-қараңғы тірі түн тұр зарықсып.
Мөлтеңдеген жұлдыздарды дұғалай,
Мәңгіліктен саулайды аңқып жарық сүт.
Сары күздің елесі өшіп санамда,
Соқыр жолда адасқақ боп барам ба?..
Жан дүниемнің нұры сіңбей тәніме,
Жапырақтай тапталам ба табанға?..
Бойлай жүріп бейуақтағы көшені,
Бейдауа жел жын қаққандай бөседі.
Айдың беті қызарады сәл ғана,
Аспан – оның өз үйі – өлең төсегі.
Шалық соғып махаббаттың шөлімен,
Шам түрінде жалғыздықтан сөніп ем!..
Өң мен түстің алма-кезек қонағы –
Өлген ойым қалқып шықты көрінен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу