Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  68


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Арзу

Құсни түннің қанаты – қыршын дәурен,
Сусылдап тұр ғаламды тылсымдаумен!..
Лаухыдағы Кәламдай шексіз аңқып,
Жүрегімде бір өлең күрсінді-ау кең.
Ғұмыр бойы шектіріп тәтті азабын,
Жетер, бәлкім, түбінде Хаққа зарым.
Аймен қоса жұлдыздар мөлт-мөлт етер –
Тамшыласа көзімнен тап-таза мұң!..
Түз төсінде жанғанда тұтанып от,
Пәруаналар жалыннан жұтады көп.
Мен де талай татқанмын бал шараптан,
Жалқы жырым Жұмақтың жұпары боп.
Мәй ішкенмін, содан соң шер ішкенмін,
Шайтандардың шәріне теріс келдім.
Ғазал арнап шығыстың шәйіріндей,
Пейішінде шалқыдым Періштемнің.
Шуағы мен шұғыласын қатар жайып,
Орнайды әлі әлемге Сахар-Ғайып!..
Құс жолына жәудіреп қарай берем,
Дидар-талап қылғанға сапар лайық.
Бақиға тән бақ табу – жалғыз арман,
Фәни кезген елес қой пәмді жалған.
...Ақиқаттың атқанда аппақ таңы –
Нұр жұқса екен жаныма Мәңгі Жардан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу