Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  86


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Дисфория

Жанарымнан жұпардай мұң бұрқырап,
Жыр жазамын Жанымды шыңғыртып-ақ...
Жұлдыз-Гүлдер аспанда қауыз жарса,
Жалқындана жарықтық Түн құлпырад...
Мен – сол Түннің қараңғы баласымын,
Кештім талай таң ата дала шығын.
Жер өксиді – теңізге Күн батқанда,
Сыздайтыны және бар жарасының.
Ұғылмайтын бір ғана бәйітпенен –
Түсініксіз тылсым ғой Ғайып деген...
Мен сүйетін Перінің Қызы мінген –
Құс Жолынан қанатты қайық көрем...
Ай – жартыкеш, қайтейін, Мен – есалаң,
Жалғыздықтан бізді жұрт демес аман.
Жетім Қырдың шөптерін қозғап қойып,
Салды тағы салқындау Жел есер ән.
Көр ішіне – Күн шықса көшіп алып,
Ақыреттің аңқимын Қошы дарып...
Жалқы мола басында – жалғыз ағаш,
Жылап тұрды көз жасы жосып ағып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу