Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  72


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Құмырсқамен дипломатия емес

Менің әкем – Дәуіт емес,
Пайғамбарлық қонбаған.
Тақ Сүлеймен бола алмадым,
Ләшкерім де болмаған.
Атам Бекет – Пірдің соңы,
Әруағы бұлтай торлаған.
Мекен қылып Ғаршы-Көкті,
Бір Аллам бар қолдаған...
Әлқисса, сұрақ қойдым құмырсқаға:
– Жер асты қалай өзі, тыныш па, аға?
Көр – өлгендікі,
Подвал – бомждікі,
Қылует – хазіреттікі,
Ал маған табылмас па дұрыс пана?
Шалқайып жүргендерге байқалмайсың,
Өзіңе қайтіп қана жай талғайсың?
Ақиқат – Құран-Кәрімдікі,
Аңыз – Есенғалидікі,
Аңқыма – Тыныштықбектікі,
Сен қашан «Эврика!» деп айқайлайсың?
...Бірақ ол кетіп қалды дым деместен,
Осы мен айрылармын мүлдем естен.
Дүние – дүрбелең,
Өмір – өткінші,
Тірлік – тұрлаусыз,
Жөн еді-ау құмырсқамен бір кеңескен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу