Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  109


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Тандыр нан

Қас қағым балалық дәуреннің
Өтерін білмеппін басымнан...
Анашым, мен сенің сәулеңмін –
Жап-жарық дүниеге шашылған!
Тағдырдан көрсем де қаттылық,
Сәттер көп санамда жаңғырған.
Балдарым жесін деп, тәтті ғып
Пісіріп беруші ең тандыр нан.
Құдайға шүкірлік етемін,
Себебі, жетім боп өспедік.
Жанымды мазалап жеке мұң,
Келемін, әйтеуір, көшке еріп.
Ер жеттім құмартып ғазалға,
Бүгінде асыппын сан қырдан.
Сонау бір жылдары базарда
Сатқанбыз ып-ыстық тандыр нан.
Бірақ та сол күндер қайрылмас,
Түскені болмаса есіме.
Ертеңге құшағым жайдым, рас,
Өткенге өкінем несіне?
Жан анам, лайықсың құрметке,
Осы ғой өмірімнің жақсы әні.
...Нұр төгіп толған Ай тұр көкте,
Тандыр нан сияқты сап-сары...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу