Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  130


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Ащыағар

Бекеттің бел жайлауына қарашы,
Бұ да бір Бейнеудің бағзы даласы,
Бұ да бір Үстірттің үлкен саласы.
Ай, бүгінде, бүгінде,
Мына Ащыағар сайдың түбінде –
Өксіп ағады Сыңғырлау менен Манашы,
Оларды ұғар ешкім жоқ-ау, шамасы.
Ана жол білмейді мұның бірін де –
Өзгеріп кеткен жаһанданып санасы,
Өңделіп біткен тасбеттеніп жаңасы.
Ащыағар десең – Ащыағар,
Мысалы, тізделген қасқа нар.
Ботасын жоқтап боздағанын естісең,
Көз түгіл, өзегіңнен жас тамар.
Арман да арман, арман жұрт,
Ноғайлы ханы Орманбеттен қалған жұрт,
Ол өлген күн – қашқан әруақ, қашқан ар.
Еңіреу заманнан жеткендей,
Жараға тұздан сепкендей –
Қаста зар жүрегімді менің таспалар...
Жел, жел ескен, жел ескен,
Он сан елдің он бір биі кеңескен.
Жауласып өтті талайлар,
Дауласып өтті талайлар –
Осынау көлденең жатқан белестен.
Ер Манашы қаза тапқан-ды сондайда,
Ата жауы қалмақпен болған егестен.
Аңқаулықпен сенгенде,
Жеме-жемге келгенде –
Залым билер батырын сатты тең өскен.
Шешесі қайтіп шыдасын,
Нардай ыңыранып жыласын.
Тұлыпты иіскеп, шөлін басып еміренсе,
Құдайдан жазығы не деп сұрасын.
Қопарылмай әрең көріп тұр,
Қайғы-қасіретке көніп тұр –
Сағым боп бұлдыраған сонау құба шың.
Қайран Күйкенмен жаным бір,
Соры Өліқолтықтың сорындай қалың-дүр,
Шыңға шағып құлдиға қарай құласын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу