Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  116


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Ман-ата

Адайдың ту қадаған даласында,
Үстірт пен Маңғыстаудың арасында –
Аталған әулие бар Ман-Ата деп,
Сен соның киесіне нанасың ба?!
Ман-Ата – кең түбектің қақпасындай,
Таным мен тәрбиенің тақтасындай –
Құдайдан құт сұраған адамдардың
Тілеуін тілеп жүрер жақтасындай.
Ежелгі сүрлеу жолдың қолқасында,
Қара ой мен боз қыраттың ортасында –
Аталған әулие бар Ман-Ата деп,
Сен соның киесінен қорқасың ба?!
Ман-Ата – құпияның қамбасындай,
Ерлік пен тектілктің таңбасындай –
Алғидан ар сұраған адамдардың
Тілеуін тілеп жүрер қандасындай.
Тарихтың қиыр-шиыр белесінде,
Аңыз бен ақиқаттың кемесінде –
Аталған әулие бар Ман-Ата деп,
Сен соның киесіне сенесің бе?!
Ман-Ата – Ман елінің ордасындай,
Уақыт пен кеңістіктің жорғасындай –
Отпаннан от сұраған адамдардың
Тілеуін тілеп жүрер жолдасындай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу