27.05.2022
  665


Автор: Марат Нұрқалиев

Әрқашан күн сөнбесін

Басында төбесі шошақ буденовка, жеңінде шекарашының жасыл
белгісі, қолында ойыншық автомат. Шекарашы офицердің ұлы Шәміл
Мұстафин поселке көшесін бойлап, балғын дауыспен «Жылама, бойжеткен...» әніне басып келеді.
Заставаға жеткен соң, есікті итерді.
– Громов, – деп, шақырды машина двигателін жөндеп жатқан солдатты. – Громов, менің папам қызметінде ме?
– Өте ғой, Шәмілжан, – деді Громов күлімсіреп. – Сенің папаң, кеңседе, сәл-пәл күте тұр.
– Кел, амандасайық, – деді Шәміл қолын ұсынып. – Сен тек қатты
қысып жіберме...
– Мынаны қарашы, менің қолым май-май, – деді Громов ыңғайсызданып.
Қолын шүберекпен сүрткен солдат баланың кішкентай қолын қысты.
– Көмектесіп жіберейін бе? – деп сұрады Шәміл. – Мен машиналардың сырын жақсы білемін, тіпті самолетпен де ұшқам.
Шәміл таяуда ғана төрт жасқа толған. Ол естияр еді. Түбі шекарашы болатынын біледі-ау, шамасы. Әрине, кейде папасының інісі Кәміл
құсап теңізші немесе Ямил ағай құсап десантшы да болғысы келеді. Тіпті
теңізшілер киетін қара жолақты және десантшылардың аспан түстес көк
жолақты тельняшкасы да бар.
– Ұста, Шәміл, – деді Громов, от алдыратын тетікті ұсынып. – Машинамыз тым ескі, бірақ жөндеген соң әлі-ақ зулайтын болады...
– Жоқ, Громов, – дейді Шәміл басын шайқап. – Мен одан да Коржавинге барайын.
Коржавин су жаңа алжапқыш байлап алыпты, басында аппақ қалпақ.
Ол тізесін бүгіп, баланың көзіне үңілді.
– Шәмілтай, менде қандай варенье бар екенін білемісің, сен ондайды әлі татып көрген жоқсың...
– Солай ма, – дейді Шәміл сеніңкіремей. – Әжемнің үйінде бәрінің
де дәмін татқан едім.
– Қойшы, ей!
– Шын айтамын!
– Ең алдымен татып көр, сосын айтарсың.
Коржавин ақкөңіл, өте мейірімді солдат. Ол шекара заставасындағы
ең үлкен басшы болу керек. Үйдегі басшы мамасы ғой. Ол керемет сорпа
пісіреді, компот қайнатады. Ал мұнда – Коржавин.
– Мынау өріктен жасалған екен, – дейді Шәміл мәз болып. – Мен
мұндайдың талайын жегем!
– Оның рас, – дейді Коржавин кінәлі адамдай, мойындаған болып. –
Сенің айтқаның ылғи дәл келеді, Шәмілтай.
– Мен папама барайын, – дейді Шәміл, аспазбен қоштасып. – Бір шаруам бар еді.
– Түу, Шәмілтай, сен есейіп, солдат болуға жарап қалыпсың, – дейді
Коржавин әзілсіз.
– Осыдан жаз шықсын, сені нарядқа аламыз.
– Бара алмаймын, – дейді Шәміл күрсініп. – Біздің кішкентай Альбинамыз бар, жылап қалады ғой. Мамамның да шаруасы көп...
Асхананың есігінен фельдшер Буляков көрінді.
– Иә, бала бағу қиын, – деді ол Шәмілді қостап. – Бірақ сен кішкентай
емессің ғой. Коржавиннің шекараға келгеніне бір-ақ жыл болды. Мен болсам екінші жылды өткеріп жатырмын. Ал сен, Шәмілжан, төрт жылдан
бері осындасың...
– Буляков, – дейді Шәміл, – сенде витамин бар ма?
– Бар ғой, Шәмілжан. Оны қайтейін деп ең?
– Беу, Буляков-ай, – дейді Шәміл, басын шайқап. – Үп-үлкен болып
соны да түсінбейсің. Витаминді жесем, бойым тез өседі. Өскеннен кейін
солдат боламын. Ал солдат болған соң...
...Ойыншық мылтығын иығына асып, Шәміл Мұстафин шекара заставасының ауласында дік-дік адымдай бастады. Жүргізуші Громовтың
двигательді от алдырмақ болып жатқанын көріп жүр. Дуал үстінде шуақтап
отырған үлкен қара мысық жаққа ұрлана көз тастап қояды. Громовқа көмектескісі де, мысықпен ойнағысы да келеді, бірақ өйте алмайды. Шәміл
қазір – күзеттегі сақшы.
Күн жарқырап тұр. Сәулесінен аппақ қар жалт-жұлт етеді. Шәмілдің
балалық шағы әлі тұтас алда. Алдынан тұтас бір өмір күтіп тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу