Өлеңдер ✍️

  27.05.2022
  133


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Топырақ

Туыппын жылқы жылы
бір қиырда,
Қиырдан ұзау түсті
тым қиынға.
Шеңгелі “қалдырмашы” деп
қиылған,
Жабысып қырқа,
дөңес,
ылдиында.
Шоқ түссе қау сезімге
тоқтам бар ма,
Ұзадық меже тұтып
ақ таңды алға.
Атаның ұрпағы едік
Аса құштар
Арманға,
арманымен мақтанғанға.
Жиылдық Алматыға
кіл арманшыл,
Биікті сүйген болсаң –
құмар қансын.
Алатау әдемі рас,
Әдемі еді
Оданда оны сүйіп
шығарған жыр.
Жиналған Алматыға
кіл ғұлама,
Ой айтар сөйлеп кетсе
құнды, жаңа.
Аралас шабыт буса
аламанға,
Бумаса –
Төсіңді бос ұрғылама!
Арбайды күндіз қала
жыр-әнімен,
Түсімде ауылды ойлап
шығамын мен.
Үйрену нән шаһарға
қиын тиді.
Мұны ұқса –
жайлауда ескен ұғады жел.
Басталды құрылыстан
біздің өмір,
Кірпіштер әсемдікті
тізді небір.
Кетігін дұрыс тапса –
ол да өнер,
Өнерге табына біл,
үздіге біл.
Кірпішің – қуана біл –
орнын тапса,
Ғимарат ұрынбағай
сел-бұршаққа.
Қаланған іргетасы
қараулықпен
Құлады мемлекеттер
сол бір шақта.
Ұнатар арманды адам,
Жаңбырды ұлу,
Арманға арман қосар
алға ұмтылу.
Кең жолда жақсы көрсек –
дос боп қалдық,
Көрінер сәті осы деп
Ардың сұлу.
Қалды елде сырқат ана,
дімкәс әке,
Қалада қызу жарыс,
сын, бәсеке.
Кетеді аңдамасаң
сан соқтырып,
Өтесің аңғал досты
мұңдас ете.
Өмірдің табиғаты
тым күрделі,
Зырлатып,
кейде бөгеп, жүрдірмеді.
Аз емес шаттандырған
жарқын сәті,
Аз емес еңіреткен
сүргіндері.
Жел өбер,
Борар кейде шаң, топырақ,
Шаң қапса
дір-дір етер жан-жапырақ.
Қарасын үзбесе деп
арман-сағым,
Қуасың түнгі аңсауды
таңға құрап.
Қалды артта тілекші жұрт,
мөлдір қауым,
Сол демеу –
тентіретсе тағдыр-дауыл.
Қолдайды ол асуларда,
Қоймайды еш
Көңілдің түкпірінен
қол бұлғауын.
Өрі биік Алматының –
төрі кеңдей,
Кеңдігін,
биіктігін бөлісердей.
Батасың терең ойға,
Жатасың кеп
Бағыңа әрі сеніп,
әрі сенбей.
Мінекей,
Осындай шақ өтті бастан,
Жандармен табыстырып
жоқ сұрасқан,
Бір табыс жуып-шайып
сан шығынды,
Бір шаттық сенен шығып
көпке ұласқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу