Өлеңдер ✍️

  27.05.2022
  100


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Көз алартпа өзге баққа

Арманыңды деп алайық
күрең ат,
Жебеп жүрсін жандар сені
тілегі ақ.
Аласұра аламанға аралас, –
Күрең атты топқа салмау
біл ағат.
Жігерліге жараспайды
жүрген бос,
Тілектеспін: гүлден қандас,
гүлден дос!
Өмір деген
Ұлы бәйге-додаға
Күмәнданбай күреңіңді
бірден қос.
Сынық сәуле
жылт еткізіп алдан бір,
Нұр себуге үгіттейді
бар жаңбыр,
Жыр төгуге жетелейді
әр нөсер,
Бір үлгі осы
табиғаттан алған бұл!
Күшті әлсізге қыр көрсетіп,
төсті ұрып,Қырып-жоймай,
сұлап түспей ешбірі,
Бейбіт күннің аясында жүріп те
Батырлықты дәлелдеудің
көп түрі.
Жан бармаған заңғарларға
талпына,
Өрлеуіңмен
сәуле түсір артыңа,
Ізбасарың молдығына –
ырза бол,
Шомыл сосын
бас айналар даңқыңа.
Көктем келсе
көппен бірге гүл тердік,
Озған жанға
гүлді сыйлап үлгердік,
Өзгелердің бағы менен
тағына
Көз алартпай ғұмыр кешу –
бұл да ерлік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу