Өлеңдер ✍️

  27.05.2022
  91


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Өспейтін ұл

Өнбес іске он ұмтылып,
он құлап,
Талаптанғам
тарғыл үнмен ән құрап.
Жаны ашыған достың бірі
жұбатты,
Жұбатқаны болып шықты
сандырақ.
Бір кісідей дәріптеуші ем
достықты,
Бұлдыр сөзі бұра тартып,
бет жыртты.
Азаптарға ақын жетпей
жүргенде,
Ақын деген –
азап кешу деп қыртты.
Бар ғұмырын безбендеген от,
дауыл,
“Ақын деген – азаптану” –
жоқ дауым.
От демейді бірақ
азап ыстығын,
Өзің күйіп,
жалын алмай көп қауым.
Қиын емес
ойсыздыққа тайғанау,
Тайғанап ап –
жүрегіңе қайғы орау.
Достықтың да достығы бар –
белгілі,
Азаптың да азабы бар
айнам-ау!
Кешір,
шектен шығып кетсем сәл асып,
Көк желкемнен қадамағын
қарашық.
Көңіліңе жол таппаса
бұл сөзім,
Көз жеткізгін –
жүргендермен адасып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу