Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  190


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Жасыл әлем

Қара түннен дерт емiп,
Қызыл күнге өртенiп,
Өзiмдi-өзiм:
– Сары мұңнан мүлдем без
Қоңыр жырға, –
Деп жұбатып жүрген кез.
Сына өмiр, – деушi едiм,
– сал арыма,
Күмәнданба
қоңыр боп қаларыма.
Тыныштығым
тулады түлен түртiп
Жасыл әлем елестеп
жанарыма.
Жасыл әлем,
Нұрлы әлем – мәңгi жасыл.
Қиялымда бiр сезiм
салды да асыр,
Құпияңды ашшы, – деп,
жалбарындым,
құшағыңа құласын
қаңғыбас ұл.
Жасыл әлем –
жайлауы жанарлының,
Жасыл әлем!..
Жаныма жамалды мұң.
Айналардай ол жақта
асыл затқа
Көк тиындық құны жоқ
адалдығым.
Жасыл әлем – бақытым,
базарым сен,
Өмір бойы өлең ғып
жазарым сен.
Шырақ болып жанғандай
күйге ендiм,
Жырақ жоқтай жеткiзбес, –
жана бiлсең.
Көңiл-шыңнан
төмендi шола қарап,
Алға аттадым
адымды санамалап,
Жарты қадам қалғанда
жасыл баққа,
Жардан ұшып кеткенiм...
О, Ғаламат!
Бар бағытым
бақиға кетiп тынды,
Сезiм қалды
тербеткен бесiк-мұңды,
Жанарына жасыл нұр
енбеген жан
Менен гөрi
ақылға жетiк сынды.
Қиялымның
қайғылы болды аяғы,
Алда бiрақ,
бiр үмiт бардай әлi.
...Бақыт жайлы жаңалық
аштым демен,
Сiзден қалған ойлар ғой
сол баяғы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу