Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  135


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Бірақ та

Зұлымдыққа сермелгенде
боп қылыш,
Талай ерлер
қыршынынан қиылды-ау.
Ең дұрысы –
өмір сүрген тып-тыныш,
Бірақ соның –
олар үшін қиындау.
Батырмысың –
Елің сенген ерім деп,
Сенім жүгін
енді арқаңнан құлатпа.
Өжеттігің –
сын сағатта көрінбек,
Өзің үшін боп шықпасын
бірақ та.
Ақынбысың,
Айдалаға лақпа –
Жырыңменен
жүрек емін таппасаң.
Дарыныңа басымды ием,
Бірақ та –
Дақпыртыңа елікпеймін
ешқашан.
Қайран, Уақыт!
– Қалды ғой , – деп жырақта ол,
Қартаң әжей
жанарына жас алды.
Сұлумысың, – табынамын,
Бірақ сол –
Болмаса екен жасанды.
Тұңғиықты тілгілеуді көздеген
Жасынбысың –
Жарқылыңнан мұң күлсін.
Бұл жырымның
шын мәнісін сезбеген
Күмәндана қарар ма екен,
кім білсін?!
Жамылмайын
тағдырдың түн-қайғысын,
Сен де енді
жұлдызыңды төкпе, мұң.
Өмір, маған
кез қылсаң да қайсысын,
Болсын ада “бірақ та”–дан
тек соның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу