Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  101


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Ақ тілек

I.
Ақ отауға
нұрын төгіп жарық таң,
Бастай берсін
Болашаққа жайнаған!
Ару бол бірің –
Алғыс алған халықтан,
Ер бол бірің –
Елдің қамын ойлаған!
Баба салтын
бізге жеткен кешеден,
Ұрпақтары парыз тұтып,
өтеген!
Қыз бола біл –
тәлім көрген шешеден,
Ұл бола біл –
үлгі алған әкеден!
Өзгергенмен
көп-көп әуен әуелгі,
Үйленсең де,
өзгермейтін парыз бар:
Енді жансың –
берген сертке тәуелді,
Ата-ана мен
ел-жұртына қарыздар!
Жүздерiңнен
төгiліп тек жылылық.
Ақ отаудан
нұр шашылсын жан-жаққа:
Мұның өзi
бiлген жанға ұлылық –
Кенеліңдер осылайша
мол баққа!
II.
Көкейдегі сөзді
ірікпей кейінге,
тілек айтсақ:
– Бір-біріңді сүйіңдер!
Бірге асыңдар
асулардан алдағы -
Дәл осылай
қолтықтасқан күйіңде.
Өз орныңды табыңдар деп
өмірден,
Құтты қадам тілейміз
шын көңілден.
Бар ізгілік
арналады сендерге –
Той үстінде
лебіз болып төгілген.
Ал, ағайын,
ақ отауға бақ тілеп,
Жалқы жүрек
өз сыңарын тапты деп,
Шаттаныңдар
той алауын қыздырып,
Ақтарыңдар
тілектерді тәттірек.
Үлгі тұтқан
үлкендерден бата алып,
Үміті мол
болашаққа бет алып.
Ортаңызға
келді бүгін екі жас,
Бірі күйеу,
бірі келін атанып.
Қос ата-ана
қос балалы болып бір,
Көңілдері
қуанышқа толып тұр.
Екі жастың
құтты болып қадамы,
Жолдарында
жақсылыққа жолықтыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу