Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  113


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Сезім сыры

Қатал жырым!
Құй, ұнат,
құй, ұнатпа!
Тағдыр күліп қараса,
Сыйын ақта.
Жүрек болса кеудеде
Тыныш қоймас...
– Бақытсыз жан сыр ашты бейуақта.
Бақытсыз жан жылады...
Жыр – көздегі.
Көңілімді көрініс күрт езгені.
Ақындарды өртеген сезім жайлы
Ұғымымды өзгерттім бір кездегі.
Жан емеспін жабығып табар бақты,
Тұрлаусызын тірілер
сан аңғартты.
Түгел қаузап неғылам, тоқ етері,
Оған батқан қасірет –
Маған батты.
Кінәлі емес келбетің –
от тастаса,
Кескілеп өт
жүрегім кек сақтаса.
Мен Тәңірдей табынам махаббатқа.
...Тек басқаша!
Жанарлардан
жұмбақтау сыр ұқсақ та,
Өрт сезімге жүреміз
ырық сап та...
Шулы ортада
шуақты көзбен сөйлеп
Саған ғашық болайын.
– Рұқсат па?
Нұрландырған адамды
әлемі – Түн,
Жалғыз жарық, ол – сенсің,
сенемісің?!
Бүгінгі күн
шаттықтан ән салам мен,
Қайғырайын... (келісші)
өлең үшін!
Сүйіктің боп қалуға себеп санар,
...Жо-жоқ, күнім, мен емес –
ерекше адам.
Сәтсіз сүйген сол жанды
емде десең,
Мына маған
ұнауың керек саған.
Білемін мен
қан ойнар түр-өңіңде,
Одан да өткен қызу бар жүрегімде.
Сақтай тұршы
бейнеңді сол қалпында –
Өлең сыйлап қалайын
мына өмірге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу