Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  91


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Күз әсері

Көктем де өткен, өтер күз,
Қашан өлер екенбіз?!
Сағындырған сағымға
Сәл сарғайсақ жетерміз.
Асықтырған арман бар,
Адасатын орман бар.
Ол жақта да жолығар
Обалыма қалғандар.
Тәптіштесең мұң тізіп,
Тағдыр деген тым қызық.
Дауасы жоқ дертім бар,
Дауысым жоқ –
Тілсіз ұқ.
Босатпайды қоршаулар,
Торығып ап аңсау бар.
Жараланған жүректен
Жан төзгісіз қан саулар.
Әрі бұлтты, әрі айсыз,
Аспаным бар қолайсыз.
Қол сілтеген жетеді,
Жөн сілтеуге қалайсыз?
Бәрі де өткен –
өтерміз.
Өкінеміз бекер біз.
Келесі күз – Бөтен күз.
Біз де өзгерер ме екенбіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу