Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  102


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Өмір және махаббат

Асқақ ару –
азаматқа бас қайғы,
Ана-бала –
дүниенің кіндігі.
Түсінбесе
тірлік әлі таптайды,
Тиімді емес
түсінсе де кім мұны.
Түнек сезім
тілгілеме сен мені,
Тіршілікке шашқан сәулем
желікпе.
Өгей ғұмыр
өлексе еткен пендені,
Тірілуге құштар емес өлік те.
Бақыттылар
барлығына бойсұнды,
Бақытсыздың
қорқынышты тілегі –
Махаббатты
ойлап тапқан ойшылды
Мадақтады,
сосын қарғап сіледі.
Ұнамдылық –
көздегені тірінің,
Сол мақсаттан
Махаббаты бас алды.
Қалай ұнау?..
Жұмысы жоқ бірінің,
Ал, бірінің
ұмтылғаны жасанды.
Дүниенің – санап жүрген –
кілті өзін,
Дүрлерім де
дүбәраға бөленген.
Маған оңай соқпай қойды
бұл сезім
Көз салған ем
мүлдем басқа әлемнен.
Содан кейін
сансыз азап кештім мен,
Саған бұдан
тимейді еш кесірім.
Қарау пиғыл күтпей-ақ қой
ешкімнен,
Мен де ешкімнің
жаза қойман есімін.
Бағыңды күт
қара жердің астынан,
Қатып қалмай
кейбір жансыз мүсіндей.
...Қан-қан болған
жүрегімді лақтырам,
Қағып алсаң
бір тамшысын түсірмей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу