Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  106


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Шұғылалы із

Ажал деген сұр жылан,
Қайырымсыз оқ
атып шыққан ұңғыдан.
Жыртқыш жанар
көрмеген еш шын жылап,
Жауыз көмей
жолағанын қылғыған.
Бір анаға балапанын жоқтатты,
Бір арнаны тоқтатты
Шардарадан
шартарапқа жылжыған.
Тосын қаза тітіркентті алашты.
Көкіректе тұнды өксік
жасы ащы –
Ащы уыты әлі күнге
шыжғырар!
Айырылып асыл достан,
Аяқталмай қалды дастан,
Ағыл-тегіл жылады аспан
Қабіріне топырақ салар кезінде,
Шық ойнады
жиылған қауым көзінде.
Табиғат пен адамзаттың
Қасіреті ортақ дегізген –
Жалғыз тамшы ой
әр жанардан үзіліп
Қосылып жатты
Шардарадай теңізге.
Шабыт келсе –
Ерекшеміз, жарқылмыз,
Табыт келсе –
Өлексеміз, марқұмбыз.
Шектеулі ғұмыр –
Бәлкім, қырық бес,
бәлкім, жүз.
Қуат алған өлеңнен
Нұр-шуаққа бөленген,
Ең бастысы –
Қалды өшпес артында із.
Суық қыста
шұғыла шашып шырағы
Сол із-сәуле
жан жылытып тұрады.
Өтсін көктем,
жетсін жаз бен салқын күз,
Ол шұғыланың
баса алмайды орынын
Барлық жарық,
бар күндіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу