Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  78


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Жалқы жұлдыз

Тербеледі белесте дала гүлі,
Тербеледі бақшада және бірі.
Тербер ойды
сол гүлдей жайнап өсіп,
Қыршын кеткен
Кегеннің Жәнәбілі!
Дәті бармай
көруге бұл азапты,
Жалқы жұлдыз
сол түні жылап ақты.
Бейуақта жалт өшкен
жасын ғұмыр
Сапарғали әулетін
тұралатты.
Кіл жалқыдан құралған
мың сан шырақ,
Сол бір түні көрінді
тым самсырап.
Сол бір түні жүрекке
Сіңіп жатты
Көз жасына оралған
жыр тамшылап.
Өлім де өмір!
– Артыңда қалса нұрлы із.
Өмір де өлім!
– Ұқпаса парқын ұл-қыз.
Мұң басқанда,
Көгімнен күн қашқанда
Жәудірейді Жәнәбіл –
жалқы жұлдыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу