Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  112


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Ақын өлді

Өліп қалды, сорлы ақын,
өліп тынды,
Өміріне
жырымен теліп шыңды.
Дана мұра қалдырып
дүниеге,
Танабына жүректің
егіп мұңды.
Өліп қалды сорлы ақын,
өліп тынды.
Нұрлы күнді
шуағын жерге төгер,
Жұтты түнек –
қайғы әкеп елге шегер.
Өліп қалды...
көбейді “дос-жақындар”
Жауығысып өтетін
өлмесе егер.
Құбылуға
адамдар демде, – шебер.
Өліп қалдың...
Өлмейтұғын
артыңда өлең қалды.
Өнерді емес – қара жер –
денеңді алды.
Сенің жалын жырыңмен
жібітерміз
Көкіректе қатталған
шемен-зарды.
Өнер қалды артыңда,
өлең қалды.
Қиялыңмен
әлемді кездірдің де
Қамкөңілден
қайғыны бездірдің де,
Және, және...
Қай кезде де жақсылар
Құтылмасын жаманнан
сездірдің де –
Өте шықтың өмірден,
тез жүрдің де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу