Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  101


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Кеңсайда

Тағы басқа теңеу болса –
теңеңіз,
Біздің мынау сезімменен
сел – егіз.
Құрысын бәрі...
қызықтырса халіміз –
Өлгенді ойлап
өрге қарай келеміз.
Кетіре алмай
көгіндегі қаяуды,
Менің түндей қиялымнан
Ай ауды.
Жолдың шетін
иемденген Маралтай,
Ортамызда
Құрбанай қыз аяулы.
Кесапаты
көзден моншақ төктірген,
Ақынға азап –
аза жайлы көп білген.
Өзгелердің өмірі өшіп
өңімде,
Өз ойыммен әуре болып
кеттім мен.
Түнектерді тілдегенде
талтүспіз,
Жүре алмаймыз бірақ
титтей артып мұз.
...Жанарыңды мұң торлапты
бұйрабас,
Көшіріп ал жүрегіңе
тәмпіш қыз.
Өрге қарай келеді үшеу,
ойда – Өлім,
Жылағың кеп –
жалын атар жай демің.
Таза ауаны
тұңғыш рет тергедім:
Меңдекештер тұншыққанда
қайда едің?
Өрге қарай келеді үшеу,
ой – Терең,
Терең ойды олар кешкен
айт, өлең.
Кей жүрекке
“Тассың!” дедім амалсыз –
Жұмекенге жіби салсаң
қайтер ең?
Өрге қарай келеді үшеу,
ой – Тылсым,
Мөлдір әлем, Мұқаңдарға –
Майгүлсің!
Жұмағамның “Ләйләсі”
Ажалдың
“Мұнар”-лардан
қарашығын тайдырсын.
Тағыда бір теңеу тауып, –
теңеңіз,
Біздің мынау сезімменен
сел – егіз.
...Мейірімін
молаңызға жолдайтын
Өмірді ойлап
өрден түсіп келеміз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу