Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  518


Автор: Балуан Шолақ

Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас!

Атандым Балуан Шолақ бала күннен,
Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген.
Ешкімге опасы жоқ жалған дүние,
Өттің ғой талай-талай кемеңгерден.
Бұл дүние – баяны жоқ, жалған дүние,
Пендесі əрбір жолға салған дүние.


Ойласаң, түбі зарар сондай ащы,
Лəззатты болса-дағы балдай дүние.
Дүниенің алданбадың несін біліп,
Жастықта тəубе етпедім есім біліп.
Дүниеге жаяу келіп, жаяу кеттім,
Үстіме жеңсіз көйлек тесіп іліп.
Өлімнен құтылу жоқ батыр болып,
Сөзге шешен, əнге жүйрік, ақын болып,
Барамын алыс сапар қайтып келмес,
Қалыңдар, елім-жұртым, бақыл болып.
Көп сəлем жақсыларға болған сырлас,
Дəурені жігіттіктің қолда тұрмас.
Көз көріп, заманымда атын білген,
Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас!


 


(Балуан Шолақтың өлеңдері мен əндерінің мəтіндері «ХХ ғасырдың
басындағы қазақ ақындарының шығармалар жинағы» (1963), «Балуан Шолақ» (1998, құрастырған С. Оспанов) кітаптарынан, Сəбит
Мұқановтың «Балуан Шолақ» аңызы мен жекелеген зерттеушілердің
(Ахмет Жұбанов, Естай Мырзахметов, Балғабек Қыдырбекұлы, т.б.)
еңбектерінде келтірілген үзінділерден құрастырылды).




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу