Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  131


Автор: Балуан Шолақ

Жетісумен қоштасу

Араладым жеріңді, Үйсін елі,
Ой түспейтін қазақтың асқар белі,
Жетіп едім жеріңе қаңғалақтап,
Тірі екенім белгісіз, əлде өлі.
Көріп пе едің Үйсіннің Сусамырын?
Сусамырға жеттім де, сусамадым.


Берекелі пейіліңе мың рақмет,
Қымызыңды сіміріп тауыса алмадым.
Көріп пе едің Үйсіннің Алатауын,
Сайрандар ма ем біржола бақша-бауын.
Алыстағы аңсаған Көкшетауым,
Кел-кел дейді қайталап айтып сауын.
Есті жидым, мінеки, жидым күшті,
Арттан ерген көп иттің үні өшті.
Өкпелеме, Дулат пен Шапырашты,
Кезең туды тартатын елге көшті.
Үш Алматы аунадым, Талғар үстін,
Қадіріңнен, ағайын, қашан түстім?
Айлап, жылдап жатар ем қазақылап –
Кетсін дейтін көрінді ұлық-күштің.
Үш Алматы – Үйсіннің жер төресі,
Көріне ме, япырмай, шер төбесі.
Ағайыннан сырғиын, есік ашпай
Тұрғанында ұлықтың жертөлесі.
Шапырашты, аман бол, Дулат, Ысты,
Əн салмасам əрəдік ішім пысты.
Қалдым, міне, айығып, келіп едім
Қапа билеп алған соң ішті-тысты.
Сарыүйсін, аман бол, Албан, Суан,
Бұл жерде де ұлығың шықты жуан.
Қимасам да кетейін, жылыстайын,
Тұрғанында шақыртпай жиын-дуан.
Бейқұтшылық, жалпақ ел, момын Үйсін,
Ерке сүйсе, ер сүйсе, Үйсін сүйсін.
Арқа тірер бар қазақ Алатауға,
Тіремесін дегеннің үйі күйсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу