Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  294


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Аяулым Аияның рухына

І
Сұлқ түстім бір сәтте
болмай күйім,
Өмір көшсе, сәні өшіп –
оңбайды үйің!
Биікке емес,
бақиды құшағына
Үкіліңді ұшыру
қандай қиын!
Бірі – тірі, бірі – өлі,
қос реңді,
Елес еніп,
есімді екі бөлді.
“Қалақтай ең,
қабіріңде қалақ тұр...”
Сүйіп оқыр өлеңім
осы болды.
Еңіреумен, әрине,
бітпес ісің,
Бірақ неге
өксікті күтті осы күн?!
Тым әсерлі сөйлемдей
тіршіліктің
Шын сезіндім салмағын
нүктесінің.
ІІ
Сан жұлдызды саған теліп,
салдым ен,
Көкте орны деп,
қанаттансын алдымен.
Ұшу емес,
қиды қайғы құшуды,
Қиып өтіп гүл-ғұмырды
шалғымен.
Тарлан едім
тұяғымен тас кескен,
Арлан едім
ақ дауылмен бәстескен.
Қашыра алмай қасиетін –
қас тапқан,
Жасыра алмай қасіретін –
жас төккен...
Тектілік-ай,
бағаң сенің тым биік,
Досқа өзіңе ұқсап
өмір сүр дейік.
Жырым саған
зарын төксін соңғы рет,
Жаным менің бір суынып,
бір күйіп.
Жасын түсіп
шорт кескендей бағанды,
Тәтті қиял
түнге сіңіп жоғалды.
Бағытымды тұмшалады
қараңғы,
Жанарымның жасы жуды
жағамды.
Жан теңізі
жіберердей құрдымға-ай,
Буырқанды
толқыны ұрып бір тынбай.
Қатал өмір
қоймайды екен сындырмай,
Толқып, тасып...
жағаға кеп тындым жай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу