Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  280


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Білімнің биік ордасы

Сеңгіріне сексеннің
шықтың самғап,
Ұштың самғап, бақытты
құштың сонда-ақ.
Дәл осылай –
Білімнің биігінде
Қалықтай бер
үмітін ұлттың жалғап.
Мол білімнің бола бер
нұр мекені,
Тек сонымен көрелік
бірге сені.
Өрелі жас
Биікке өткел еткен –
Өткеніңді
келешек үлгі етеді.
Түлектерің
қыр төсін дүбірлетіп,
Жаңғырыққан –
Тауларға үнің жетіп.
Академик Жұбанов
тәлім алып,
Ұшып шыққан өзіңнен
Құлымбетов.
Талай түлек
ел қорғар жолға аттанды,
Халқы ұмытпас
қаһарман боздақтарды.
Үргенішбаев,
Жазықов,
Озмитель –
“Кеңестің батыры” боп
ардақталды.
Сол жылдары
Сәрсенова,
Молдашевтар,
Талаптыға
шуақты жолды ашып бар,
Көкірегіне нұр шашты –
Жылдарында
Жаңбыр менен
жатса да алмасып қар.
Басты сенде жан шөлін
құсалы ері,
Жақты сенен өнерін –
құшар елі.
Білігі зор
Райымбергенов Ысқақ пен
Соның бірі –
Дінішев Мұса еді.
Тәтті келер
терген дән терің сіңіп,
Ерен еңбек –
Қашаннан өмір құны.
Біліміне бағынған
бірнеше шың
Рабиға апамыз –
соның бірі.
Тізе берсе
дәл мұндай сұңқары көп,
Сұңқарлары
ел бағын тұрса тілеп, –
Тұлпарлары
мәреге озық келіп,
Бұлбұлдары
бақтарда шырқар үдеп.
Ізгі әуенге үн қосқан
Нұрлы орда,
Қырлы жолды жалғай бер
Сырлы жолға.
Жарақтанған біліммен
жан болсам деп –
Талаптанған қыз бенен
ұлды қолда.
Шыққан шақта
сексеннің сеңгіріне –
Сан қыранға ұясың
енді, міне.
Тоқсан-жүзді бетке алып
жүзе бергін,
Толтырып ап кемеңді
ел жүгіне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу