Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  281


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Туған өлке

Көкжиекке өрлегем,
Көзімді арбап қарлы шың.
Жүрегімде тербеген
Туған өлке, армысың?!
Мені ұшырған аспанға,
Шапағатың өлшеусіз.
Қанша қанат қақсам да,
Аласамын – мен сенсіз!
Сәтсіздігім басталма,
Ұшпас биік ер, – елсіз.
Айдан алқа тақсам да,
Ажарсызбын – мен онсыз.
Жанарымды жас кернеп,
Жүрем кейде мұңайып.
Ұлың болып өссем деп –
Тек өзіңе лайық.
Ешбір елден таппайтын,
Естімеген жан адам,
Бақытыңа бастайтын –
Жол салсам деп жаңадан...
Осы ой тербеп жүремін...
Осы ой арбар мені мың,
Солай соғар жүрегім,
Солай өтер өмірім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу