Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  178


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Алпыс - тастүс

Көке, бүгін толдыңыз
алпыс жасқа,
Жүзге дейін серт етіп
шалдықпасқа,
Көңілді бір әуенді
шалқып баста.
Жастықпенен жарасып
Жалғыз сәтке
Құрдасыңның бәрін де
шал ғып таста.
Текке отырмай,
Тең түсер мөлдір таңмен,
өлең арнап, олқыңды
толтырсам мен...
Он жасыңда “Мен үшін”,
“Отан үшін”
От кештіңіз ауылда
кемпір-шалмен.
Тыңдап қазақ, украин,
тыңдап орыс,
Жиырма жаста басталды
“Тыңға жорық”.
Жат пиғылдар жаулады
жапан түзді,
Жапан түзбен ғана тек
тынбады ол іс.
Өте бере отыздан...
Мен шыр еттім,
Бұл шырыл да біраз жүк
еншілетті.
Шіркін, арман, көп едің,
көгілдір ең,
Таң қалумен, таңдаумен
он жыл өтті.
Елу десе, сала алмай
ән шырайлы,
Сезім шошып, сенімім
қалтырайды.
Жүрегімнің көгінде
сол елуге
Жетпей кеткен жұлдыздар
жарқырайды.
Ашты бүгін құшағын
алпыс жас та,
Ақсақалдық ғұмырда
тәртіп басқа,
Тағдырыңды тырысам
жарты ұқпасқа –
Оймен шолып өткенді,
Өсиет айтып,
Көкірегіңді көп мұңнан
аршып таста.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу