Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  305


Автор: Ерғали Бақаш

Ақан сері

Ақ жауын сіркіреді бұлақ бұрым,


Ашылып көрмегенді құрақ бұрын.


Көнекөз қариядан бәйіт естіп,


Жібердім тарихыма құлақты ұрын.


Малып ап, кірпігімді көз жасыма,


Тілемен тек жақсылық өз басыма...


Есте жоқ ескі заман түсіме еніп,


Шығамын түніменен құз басына!..


Жаратып таң асырам тұлпарымды,


Қондырып оң қолыма сұңқарымды.


Қанжығам майланғанда жолым болып,


Біледі нөпір халық шырқарымды.


Шырқаймын, дауысым көкте дамылдайды,


Тек мені түсінгендер қабылдайды.


Әнімді алты қырдан асырсам да,


Жүрекпен тыңдайтындар табылмайды.


Өз сорым жұрттан дара жаралғаным,


Домбыра, қос ішекті бар арманым.


Елітіп жас алпыстан асқан кезде,


Сұлулар тентіретті-ау, жарандарым.


Түске еніп хордың қызы жұмақтағы,


Қиялым солай қарай тұрақтады.


Қоштасып кете бердім, туған елмен,


Сыпсың сөз кетер емес құлақтағы.


Ыбанға не үйреттім, не біледі,


Жабыны жабулап-ап тебінеді.


Домбырам мұрагерін таппаған соң,


Қу ағаш өзін-өзі кеміреді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу