Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  200


Автор: Бауыржан Әліқожа

Күз бен қыз

Сыртқа шықсам сарғайған күзді көрем,
Жүдеу жүзді сонан соң қызды көрем.
Сағынышқа бөленген мұңлықтарға,
Дәрі бола қояр ма біздің өлең.
Сабағынан үзіліп жапырақтар,
Көңілсіздеу күй кешті атырап бар.
Мақпалдайын жапырақ емес анау,
Жатқандайын тапталып топырақта ар.
Жұлдыздай төбемізге таяу аққан,
Кыр үстін қызғылт түске бояды ақ таң.
Елестей ме ғашығы күні-бойы,
Сезімін іздейді қыз саябақтан.
«Күту деген тәйірі сөз бе, тағы,»
Дегеніңмен, сүркей Күн боздатады.
Күрең өңір сол күйге қосылып ап,
Қай-қайдағы жайларды қоздатады.
Сықпытындай сұр күздің мұң қабыздап,
Жүректегі жарасы тұр ма сыздап?!
Аппақ жүзін қарайтып жіберіпті-ау,
Қоңыр бақта уілдеп түрлі аңыздақ.
Енді ешкімге сенбейді ол, өмірінде,
Күздей мұңның табы бар көңілінде.
Ізгі арудың көз жасы сияқтанып,
Қыз-қайыңның моншағы төгілуде...
Сыртқа шықсам сарғайған күзді көрем,
Жүдеу жүзді сонан соң қызды көрем.
Ұғынбаған сол жанның мұңлы сырын,
Маған салсаң дер едім түзді керең.
Құзарларға қонғанмен сұңқар ұлың,
Кеудемдегі әлегі-ай мұң табының.
Қыздың мұңы...үзілген жапырақтар,
Жан-жүйемнің үздің-ау бір тамырын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу