Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  109


Автор: Бауыржан Әліқожа

Көктемгі күй

Ағаштар тұр әне, бүр атып,
Ұмытып зәрлі қыс тұманын
Көктемдей аруды ұнатып,
Жігіт – Күн төгуде шуағын.
Табиғат шаттанды желігіп,
Шолжаң жел байқатып еркелік.
Қызғалдақ сезімге көміліп,
Қырқа-бел жатқайдай өртеніп!
Жыр тұнған – құлпырған бар дала!
Бұлбұл үн бақтарда шалқыған.
Мұрныма әкелді таңғы ауа,
Гүл, жусан жұпарын аңқыған.
Ақ нөсер шелектеп тұр құйып,
Күллі әлем қалғандай тазарып.
Тылсыммен қауышып тым биік,
Бұйығып бұлттар жүр бозамық.
Бар маңай үйлесім тапқандай,
Бүкпестен кеудеге сыр дара.
Іңкәр боп дүниеге мақпалдай,
Жыр жазып отыр-ау бір бала.
Жайқалтқан ғаламды ісі – құт,
Көктемдей гүлдене нұрға оран.
Осынау дүниені үсітіп,
Соқпасын құйғыта бір боран!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу