Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  120


Автор: Бауыржан Әліқожа

Аспан

Айналдырып тауларды баспалдаққа,
Шақырардай сол әлем дос болмаққа, –
Жүргеніммен жер басып ісім болмай,
Неге елеңдей беремін аспан жаққа?!
Хабар беріп қалардай бір шындықтан,
Зеңгір Көкке қараймын тылсым бұққан.
Жұмбағы мол дүние жымыңдайды,
Жүректегі беймаза дүрсілді ұққан.
Айтатындай сырларын ақтарып бар,
Іркес – тіркес жүзеді мақта бұлттар.
Аспан кейде ғаламды ақпен бояп,
Қанатынан төгеді шаттанып қар.
Бала шақта жетелеп өрге мұрат,
Сермегенмен құлашты кеңге бірақ, –
Шатырласа назағай шошушы едім,
Кететіндей қара аспан жерге құлап.
Жарық берер сәулелі нұрланып күн,
Ай, жұлдызын сонан соң тұр жағып түн.
От пенен шам бұлардың көшірмесі,
Бәрі сенде екен-ау шын жарықтың.
Заңғарлықты паңдықпен тұғыр еттің,
Құйды нөсер... бірі ме ең мұңы көптің?!
Аспан, неге жылайсың ағыл – тегіл,
Бола тұра мекені құдіреттің?!
Күмбірлеген кеудеңе саз ба сіңген,
Үйлесімің барында тозбас іргең.
Жағал – жағал осынау тіршілікті,
Тазалайын дедің бе көз жасыңмен?!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу