Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  388


Автор: Шырын Толқынова

Гүл сезім

Ақ сезімнің куә боп ізгі арына,
Ақ қар жатыр,
Бұл әлде ызғары ма?
Мейрамымен құттықтап бар жігіттер,
Гүл сыйлап жатыр бүгін қыздарына.
Біреулердің құшағы гүлге толып,
Біреулердің құшары бірге болып.
Дүние гүл-гүл жайнап жатты әйтеуір,
Жігіттер мәз, жүретін күнде торып.
Мен кешпедім бұл күйдің біреуін де,
Ысқырып ызғар тұрды жүрегімде.
Тұңғыш рет жек көрдім гүл біткенді
Есем бардай, өзгенің гүлдерінде.
Не тәйірі, сен үшін гүл дегенің?
Дедің бе әлде, гүлсіз де үлгеремін.
Гүлді қойшы, қымбат еді бір келгенің
Сыйым емес, үлде мен бүлде менің.
Дәтің бар еді, өкпені тұсарыңа,
Сәтің бар еді, гүл алып ұшарыңа.
Құшағыма құлаған гүлдей болып,
Құлар едім мен сенің құшағыңа.
Кетсін енді демеймін гүл-ақ құрып,
Күліп берме, алмаймын сұрап тұрып.
Қадіріме жетпеген құшақ гүлді,
Қабіріме қоярсың жылап тұрып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу