Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  101


Автор: Шырын Толқынова

Сен кел

Сен кел...
Сезіміңе шөліркеп зарығып кел,
Төзіміңе түк таппай тарығып кел.
Жүрегіңді жүгендеп жігеріңе,
Арамдық, арсыз ойдан арылып кел.
Сабылып кел, сен мені сағынып кел,
Жаныңды жұбата алмай шағынып кел.
Сезіміңе сендіріп, сеніміңе,
Тектіліктің тұмарын тағынып кел.
Кешігіп кел, сен мені кешіріп кел,
Көңілдердің көктемін көшіріп кел.
Өзін ғана өңгеріп өр сезімнің,
Өткенннің өкпелерін өшіріп кел.
Тәкаппар бол, биік бол, өр болып кел,
Жаным тағат табатын төр болып кел.
Өміріме өң беріп, өрнек салып,
Зерлейтін зергерім бол, зер болып кел.
Мен сосын...
Айтарға сөзімнен айырылып,
Өзімнен өзімшіл жайды ұғып,
Дәтім де «Жоқ!» деуге дәрменсіз,
Қайтадан келермін қайырылып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу