Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  138


Автор: Жақсыбек КЕМАЛ

Ғашықтық өлшемі

Күндіз ойда, түн – түсімде,
ол сенбес –
Жарқын жүзін көрем мен.
Көңілдегі естеліктер өлшенбес
Мегабайттық көлеммен.
...Сезімімнің сыр-айнасы сынбаған
Мұң-жырымды бақ сана.
Жанымдасың,
арамызда мыңдаған
Шақырымдар жатса да!
Күндей күлкің ғашық етті ақынды
«Жырың нұрға тең» деме...
Өтей алмас сәл жымиған сәтіңді
Миллион, миллиард теңге де!
Саған қарап шаттанады ғалам шын
Ұйытар ән салғанын...
Ұстап тұр-ау жер-әлемнің балансын
45 келі салмағың.
Тал бойыңнан тылсым нұрды көрем мен
Әлемнен мұң жойыла...
...Джомолунгма қарап тұрар төменнен
160 см бойыңа!
...Ай-аруым, жүректегі бұл жырды
Мұңды түннен жасырғам...
Білесің бе?
Бірге өткізген бір күнді
Артық көрем ғасырдан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу