Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  114


Автор: Жақсыбек КЕМАЛ

Ақтөбеден адасу

Әжетханаға асылып өлді арлылық
Мейірім жүр мешіт жақты мекендеп...
Барар жерім – қараңғы көр, тар құдық
Әуре болдым, рас, бақытқа жетем деп.
Аялдамада арман қалды ұмыт боп
Троллейбустағы «тірлігім» де күлкілі.
Ақтөбенің көшесінде күдік көп –
Шошытады көп көліктің «күркілі».
Алдымда анау, гүл сататын дүңгіршік
Шаттанулы күндерімнің мазағы.
Батқан күн мен мүмкін, мына түн қырсық –
Қара түнек – арымның да азабы!
Түнгі клуб– шайтан көңілдің әлегі
Арбап тұрса, қайтем енді, пақырым?!.
Санам да сол, құнсыз ойдың әлемі
(Естілер ме естілерге хақ, ұлы үн?..)
Сыраханада ақтарылып сыр қалды
Саптыаяқпен ұмытылды мерей күн.
Ынсапсыздық ұрлап кетті ынтамды
Қонақ үйге қонақ болам демеймін.
Сағынышым басымдағы бақ көне
Көшедегі айқайыма құлақ түр –
«Жастығымды жұтып койдың, Ақтөбе!»
...Көлеңкелі ғимаратттар жылап тұр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу