Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  215


Автор: Гүлжайнар Қалдина

Ана сөзі

Жанарымның жарығынан жаралған,
Жаратқанның сиын құштым құндақтап.
Әлдиімнің әсерімен таралған,
Тамылжыған таңым да аппақ,
түн де аппақ.
Әнім,
сәнім,
жаным да енді жүдемес,
(Ана атты ардақты атқа ырғақ тап.)
Төрт бөлінген түнгі ұйқым да түк емес,
Өзегіңе өң бергенім тым тәтті-ақ.
Уысыңда мен қалаған бақ-несіп,
Ұртыңдағы ұрттам сүтпен нұрландың.
Анаңа да мекен болған ақ бесік,
Шынашақтай иесімен ырғалды.
Құйтақандай қожайыным – бөбегім.
Тыншымасаң – бар бұйрықтан зоры сол.
Тал бесікке бүгінгі ие сен едің


анаңның да өткен күнгі қонысы ол.
Уысыма ырыс толған игі күн,
Анаң уыз татқан сәттен бөбегім.
Өз өмірім,
өзіме сай биігім,
Тәбәрікке тартылғаны – өлеңім.
Саған берер асыл сиым – сол ғана,
Жыр суырдым жүрегімнің тұсынан.
Жұмақ жаққа алған күні жолдама,
Жарығымды жалғарсың деп ұсынам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу