Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  188


Автор: Бейбіт Сарыбай

Сағынамын сол кезді, со қалпымды...

Сағынамын сол кезді, со қалпымды,
Қайдан іздеп табайын жоқ алтынды?!
Арман қуып ауылдан кетіп едім,
Естелікке қалдырып он алтымды.
Қиялымның тұлпары болдырмайтын,
Үмітімнің гүлдерін солдырмайтын.
Ауылдың алаңғасар баласына
Алматының елесі қол бұлғайтын.
Кұштар жүрек кеудемде бұлқынған-ды,
Аңсарым да оянып, ырқымды алды.
Суарып Мұқағали бұлағына,
Жаратып жүре бердім жыр тұлпарды.
Өмірін де мен үшін сүретұғын,
Сияқтанып шешем де жүретұғын.
«Оқымай– ақ, мал бақсаң кайтеді» деп,
Әкем кейде қалжындап күлетұғын.
Шешем соны шын көріп зар қағады,
Үміт оны әйтеуір алдамады.
Кіргізді «ақындықтың оқуына»,
Әкем қалды ауылда, мал да қалды.
Қулары көп осынау бас қалада,
Думаны жоқ таппайсың баспана да.
Mac жүрегің тас болып катқаннан соң,
Бауыр басып кетесің тас қалаға.
Қайыр таппай қам көңіл қамыққанда,
Даңғазадан ми шаршап жалыққанда;
Аңсап жатып ауылды ұйқтаймын да,
Мал баққым кеп оянам жарық таңда.
Тұсаулы аттар озғандай шідерліден,
Озады екен пысықтар жігерліден.
Көрсе егер менің осы жағдайымды,
Әкем шіркін миықтан күлер, білем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу