Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  165


Автор: Бейбіт Сарыбай

Сағыныш

1
Күз де келдi. Күз келсе қынжыламын.
Қыркүйекте қазандай тұнжырадым.
үш жыл бұрын, осындай сұрғылт күнде,
Алғаш рет егiлiп шын жыладым.
Уға толып кеткендей жүрек тұсым,
Тұла бойым азынап дiр еттi шын.
Түк болмаған секiлдi тұра берер,
Табиғаттың қарашы тым ептiсiн.
Көңiлiм қатты тоңады күз демiнен.
Мұң көремiн ұшқан құс жүздерiнен.
Қара бұлттай қайғымды сейiлдiрiп,
Жылдар жылжып барады тiзбегiмен.
Ауыл жаққа барамын, әр барғанда,
Берiле алмай ең тәттi армандарға.
Қараймын да момақан төмпешiкке,
Өзiмдi-өзiм соғамын жардан-жарға.
Топырақты уыстап қала бердiм.
Айыбы не жек көрмен қара жердiң.
Ауылым бұрынғыдай ыстық емес,
Сонда дағы келедi бара бергiм.
Бiр ысып, бiр суынып, басыламын.
Жараспас жiгер құм боп жасығаным.
Ең құрмаса түсiмде көрейiн деп,
Үш жыл болды ұйықтауға асығамын.
Адаспадым, түспедiм тосын iзге.
Деушi едi анам; „Бабаңның көшiн үзбе“.
Сөйткен шешем қайтқалы бұл өмiрден,
Үш жыл болды, мiнеки, осы күзде.
2
Әне анау шешемнiң қәбiрi,
Көк тасын күн сүйiп тұр тағы.
Жар болып жебеушi Тәңiрi,
Iздеп кеп жүредi ұрпағы.
Қайғыға ортақ боп кәрi күз.
Тұрады қапа боп, тұнжырап.
Әпкем бар, ағам бар, бәрiмiз.
Аламыз үн-түнсiз бiр жылап.
Неге мен осынша алдандым,
Құлағым келедi тiк тұрып.
Суретi тұр маған жалғанның,
Мәңгiлiк емесiн ұқтырып.
Жанындай көрушi ед баласын,
Баласы сәл мұңлы жүр аман.
Жылама деушi едi анашым,
Қалай мен жыламай тұра алам.
Қабiрде ең ұлы тыныштық,
Езедi жаныңды жаныштап.
Қимастық сезiммен бiр ыстық.
Кетемiз содан соң алыстап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу